Жұма, 20 Қаңтар 2017 19:19

Колледж тарихы

1909 жылы Ақтөбедегі төрт жылдық қалалық училище жанынан педагогикалық класс ұйымдастырылды. Бір жылдан кейін екі жылдық педкурстар жұмыс істей бастады.

1922-1923 оқу жылында педагогикалық техникум құрылып, осы кезден бастап Қазақ АССР білім беру жүйесінде тіркелген оқу орны ретіндегі тарихы басталады. 1925 жылы педтехникумда тек қазақ бөлімі ғана жұмыс істейді. 1927-1928 жылдары педтехникумда қазақ қыздары үшін оқу тобы құрылып, онда 20 шақты қазақ қызы оқиды.

Оқу орны 1931-1945 жылға дейін 14 жыл бойы Темір қаласында жұмыс жасады.

1937 жылы педагогикалық училище болып, 1945 жылы педагогикалық училище Ақтөбе қаласына көшіріледі.

Біздің оқу орнымызды алғашқы түлектердің бірі болып Ұзақбай Құлымбетов бітірді. Ұзақбай Құлымбетов – қарапайым ауыл мұғалімінен мемлекеттік дәрежедегі ірі қызметке дейін көтерілген біртуар тұлға. Бұл техникум сол кездегі мұғалімдер даярлайтын жалғыз оқу орны болатын. Осы қасиетті оқу орнының түлектері, ұстаздары, оқу орнын басқарған көптеген ауыл азаматтары тек облыс көлемінде ғана емес, республикада көрнекі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері. Оқу орнының қалыптасуында айрықша еңбек сіңірген оқытушылар қатарында А.А.Афанасьев, А.Н.Казанская, Ж.Тілепбергенов, Д.Имашев, Ш.Үдербаев, Қ.Жұбанов, М.Дайрабаев, Қ.Қосаев, Қ.Абдуллин, Р.Сарсенова, А.Екібаевтар т.б. бар.

Ұлы Отан соғысы жылдарында училищенің көптеген түлектері Отан қорғауға аттанды. Училище түлектері Ідіріс Үргенішбаев, Ф.Ф.Озмитель және Қожабай Жазықов ең жоғарғы награда «Совет Одағының Батыры» деген құрметті атаққа ие болды.

Училище есімі облысқа ғана емес, бүкіл республикаға әйгілі түлектер академик Ахмет Жұбанов, Қазақстан Ғылым Академиясының мүше - корреспонденті Рабиға Сыздықова, ақын - драматург Бәкір Тәжібаев, жазушы Өтебай Қанахин, қарт журналистер Кәрім Ержанов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірмановтарды мақтанышпен айтады. Түлектердің арасында «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім атағын алғандар, қазақ халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен наградталған мұғалімдер, ғылым кандидаттары баршылық. Алғашқы түлектерінің ішінде біздің оқу орнымыздың мақтанышы болған Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім Ғ.Ақтаев, М. Жанқожин, мұғалім – сазгер Е.Терековтерді атауға болады.

1970 жылдары мектепке дейінгі балалар және музыка бөлімдері ашылды. 1980 жылы училищеде барлық мамандықтар бойынша қазақ бөлімдері, орта мектептер үшін еңбек пәні мұғалімдерін даярлайтын еңбек бөлімі ашылды. 1992 жылы оқу орнының 70 жыл, 1997 жылы 75 жыл толу мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтілді. Ақтөбе педагогика колледжіне 75 жыл толған жылдары оқу орнының 16 оқытушының еңбегі ерекше аталып, оларға «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» төсбелгісі тапсырылды. 1993 жылы Республикалық аттестациядан училищенің озық өтуі, жаңа оқу орнының түрі педагогикалық колледжге көшуге мүмкіндік берді. 1997 жылы Ақтөбе мәдени – ағарту колледжімен біріктіріліп, Ақтөбе гуманитарлық колледж статусына ие болды. Қазақ тілі мен республикадағы өзге ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін колледжде орыс мектептерінде қазақ тілін, қазақ мектептерінде шет тілдерді оқыту мақсатында қосымша мамандық ретінде қазақ, ағылшын тілдері мамандарын даярлау ісі қолға алынды.

Заман талабына орай 2005 жылы «Негізгі орта білім» мамандығы ашылды. Бұл мамандықтың ашылуы облыс, қала мектептері үшін математика, қазақ тілі мұғалімдерін даярлауға мүмкіндік берді.

2008 жылы колледж Республикалық деңгейде 85 жылдық мерейтойын атап өтті.

2011 жылы «Облыстағы үздік колледжі» атағын жеңіп алып, облыс әкімінің грантын жеңіп алды.

2012 жылы сапаны тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйақысымен марапатталды.

2011 – 2012 оқу жылында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон – эстафетасында «Техник-программист» мамандығының 3- курс студенті Робертұлы Зинур облыс әкімінің автокөлігін иеленді.

2012 жылдан оқу орнын «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері Ералы Ғұбайұлы Нұрғалиев басқарып келеді. Колледжде сұранысқа орай мамандықтар даярланып, материалдық – техникалық базасын жақсарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Жаңа үлгімен физика, химия, мультимедиялық - лингофондық кабинеттер жабдықталып, студенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға колледжде тренажерлық зал ашылды. Колледж оқытушылары мен студенттердің халықаралық, республикалық, облыстық түрлі пәндік, кәсіби байқау, спартакиадаларға қатысу деңгейі өсті.

2013 жылдан бастап жылдық жұмысты қорытындылау, зейнеткерлікке жеткен ұжым оқытушылары мен қызметкерлерін құрметпен зейнеткерлікке шығару, жетістікке қол жеткізген оқытушылар мен студенттерді марапаттау мақсатында «Ұстаз. Жастар. Болашақ» фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр.

2014 жылы0111000 «Негізгі орта білім беру» мамандығының «Орыс тілі және әдебиеті мұғалімі» біліктілігі бойынша мамандар даярлау ісі қолға алынды.

2015 жылы бітіруші топтардың кәсіби даярлық нәтижесінің қорытындысы бойынша облыс әкімі А.Мұхамбетовтің «Алғыс хаты» және ақшалай сыйақысына ие болды.

Колледжде білім беру қызметі негізгі және орта білім негізінде 9 мамандық, 12 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Бүгінгі күні 12 пән бірлестігі бойынша оқытушылар топтастырылған.

2016 жылы 17 қазан күні оқу орнында 40 жыл еңбек еткен Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, ұстаз, күйші, сазгер Райымбергенов Ысқақ Райымбергенұлына мемориалдық тақта ашылды.

2017 жылдың наурыз  айында заманымыздың заңғар тұлғасы, халық жаушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевқа арналған  кабинет ашылды. Кабинетті ашудағы мақсат - Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығын, жазушы жайлы ұлы тұлғалардың пікірлері мен  естеліктерді,жазушының  тіл  шеберлігінтереңірек зерттей отыра, "Аңыздың ақыры", "Үркер", "Елең-алаң" романдарын бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып жатқан тәрбиелік мәні мол шығармалар ретінде болашақ маман иелеріне тереңірек таныстыру. Атаулы кабинетте бүгінгі күні «Әбіш тағылымы» атты студенттердің  ғылыми-шығармашылық орталығы жұмыс жасайды.

2017 жылдың қазан айында Ақтөбе педагогикалық училищесінде 40 жылдай еңбек еткен, қолөнер шебері, өнер зерттеуші, күйші, сазгер, ұстаз Ысқақ Райымбергенов ке арналған кабинет ашылды. Ұстаз шәкірттерге білім берумен қатар, домбыра, қобыз сынды ұлт аспаптарын акустикалық түрде зерттеп, өзі де көптеген аспаптар жасай білген. Әсіресе қобыз аспабын реконструкция жасап, оның мүмкіншілігін кеңейтуге көптеген ізденістер жасаған. Қазақтың колөнері мен саз аспаптары туралы ой толғап, көптеген мақалалар жазған.Қазіргі уақытта  колледж студенттері  абыз атамыз  Ысқақ Райымбергеновтың және өнертанушы, «Мұрагер» бағдарламасының авторы Абдулхамит Ысқақұлының шығармашылығын зерттеп білуге талпынуда.  Ұстаз баласы Абдулхамит Райымбергенов болашақ музыка пәні мұғалімдеріне шебер-кластар өткізіп, колледж оқытушыларын өз тәжірибесімен таныстырды. 2017-2018 оқу жылынан бастап оқу орнында «Мұрагер» ғылыми-шығармашылық орталығы жұмыс жасап келеді.

2018 жылдың 1 мамыры мен  1 желтоқсаны аралығында  Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «ЖЫЛ АДАМЫ» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты -қызметкердің  кәсіби беделін көтеру, оларды қолдау және көтермелеу;шығармашылықпен жұмыс істейтін белсенді, жан-жақты, жаңашыл идеясы бар, кәсіби шеберлігі мен көшбасшылық қабілеті  жоғары,  белгілі дәрежедегі жетістіктерге ие болған ерекше тұлғаны анықтау.

«ЖЫЛ АДАМЫ-2018»  байқауының жеңімпазы колледжіміздің музыка пәнінің оқытушысы  Куспанов Мербол Оразбекович атанды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жеңімпаз оқытушы колледж директорының  Алғыс хаты және қаржылай сыйақысымен марапатталды.

2018-2019 оқу жылында болашақ мамандардың кәсіби деңгейлерін бағалау мақсатында WorldSkills қозғалысы бойынша «WSK Ақтөбе -2019»  өңірлік чемпионатына алғаш рет  «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту»  құзыреттілігі  енгізіліп, колледждің 3-курс  студенті Амангос Мадина аталған сайыста бас жүлдені жеңіп алды. Алдағы уақытта Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Маман даярлау барысында шет мемлекет тәжірибесімен танысып, озық үлгідегі іс-тәжірибесін енгізу мақсатында Н.К.Калугин атындағы  Оренбург педагогикалық колледжі, Чуваш мемлекеттік мәдениет және өнер институтымен меморандум жасалып, қазірде бірлескен жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып отыр.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында оқу орнының білім беру жүйесіндегі талапқа сай қызмет көрсету сапасын анықтау мақсатында  «Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттілігі»-нен институтционалдық және 6 мамандық 9 біліктілік бойынша мамандандырылған аккредиттеуден жоғары деңгейде өтуі барлық айтылған жетістіктердің көрсеткіші деуге болады.

  

         

2018-2019 оқу жылында сапаны қамтамасыз ету саясатын іске асыру мақсатында колледжге PlatonusCollege"жүйесі енгізіліп, сапалы әрі жылдам қызмет көрсететін «Edusmart» қызмет орталығының ашылуына үлкен қолдау көрсетті.

Оқылды 1691 рет
  • Бағланова Асылай
    БК-415

  • Байзылова Айгерим
    МК-315

  • Қуаныш Айдана
    СБ-305

  • Жасекенова Мадина
    БК-310

  • Төлеухан Гүлмарал
    МД-315

  • Бахытжанова Жаннұр
    БК-406

152

ОҚЫТУШЫ

1227

СТУДЕНТ

543

ТҮЛЕК

94

ҮЗДІК ДИПЛОМ

Директор блогы

Құрметті талапкер! Сіз колледж директорына тікелей сұрақ қоя аласыз.

Толығырақ

Кері байланыс.

Ақтөбе қаласы, Есет батыр көшесі, 73-ші үй Телефон номері: +7 /7132/ 56-02-30 E-mail: aktobe_agk@mail.ru

Түлектермен байланыс